Қайрат Нұртастың анасы, продюсер Гүлзира Айдарбекова ағасынан айырылғаннан кейінгі отбасылық жағдайына қатысты желіде айтылған сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Ол көпшіліктен қаралы кезеңдегі әрекеттерін хайппен байланыстырмауды сұрады.
Айдарбекованың сөзінше, жақында жаңа үйінде бірнеше адамға дастарқан жайып, Құран оқытқан. Алайда бұл қоныс тойы болмаған. Ағасының жаназасы мен жетісіне келе алмаған жақындары көңіл айтып, үйге кіріп шығуға ниет білдірген соң, отбасы шағын дастарқан ұйымдастырған.
«Сіздерге өтініш, өзегім өртеніп, жүрегім тілім-тілім болып, жан ағам болғанда да, өзімнің жаныма өте жақын, бір-бірімізді сағынышпен іздеп, маңдайымнан мейірлене иіскеп отыратын ағатайымнан айырылуымды подписчик көбейтіп, хайп жинау үшін түрлі сынға алып, өсектей бермесеңіздер! Тас түскен жеріне ауыр, менің жүрегімнің астаң-кестең болып жүргені сіздерге, әрине, сырт көзге беймәлім», – деп жазды ол.
Продюсер дастарқанның қарапайым жағдайда өткенін де атап өтті. Айтуынша, арнайы аспаздар шақырылмаған, тамақты өзі дайындап, самаурын қойып, жақындарының көмегімен Құран оқытқан.
Сондай-ақ Гүлзира Айдарбекова үйде өзінен бөлек жастар тұратынын айтып, қайғыға қарамастан өмір жалғасатынын жеткізді.
«Өлімнің артынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды екен. Бәріміздің ертелі-кеш баратын жеріміз – сол зират. Өсектің де жөні түзуін жазсаңыздар!» – деп түйіндеді ол.