Фестиваль ауқымды бағдарламаларды қамтыған. Бір мезетте бірнеше іс-шара өткізіліп жатыр. Ұлттық ойындардың шымылдығы шөнге ойынымен ашылды.
Алаңда "Астана жастары - 1" және "Астана жастары - 2" командалары өзара күш сынасты. Кездесуді тамашалауға көрермен көп жиналды.
Бұдан бөлек, түрлі жәрмеңке ұйымдастырылған. Ұлттық бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен азық-түлік өнімдер көрмесі де ұйымдастырылған.
Ал кей тұста жеке дара ұлттық ойындар өткізілді. Әсіресе, жілік сындыру мен қой көтеру тартысты өтті. Алайда күннің ыстығы мен фестиваль аумағына кірудің ақылы болуы қатысушылардың аздығына себеп болған сыңайлы.
Кей шеберлер өздері арнайы ағаштан жасаған ойыншық көліктерін сатылымға шығарды.
Ал «BAI QYMYZ» сайысы арнайы үлкен жабық шатыр ішінде өткізілуде. Сайыстың алғашқы күні 40 үміткердің қымызы бағаланады.
Қымыздың дәмін татуға құмартқандар арасында шетелдіктер де бар. Кассадан билет сатып алған туристерді де көзіміз шалған еді.
Фестивальге отбасымен келген адамдар көп.
Әділ-қазылар алқасында танымал кәсіпкерлер, медиаменеджерлер және өнер жұлдыздары да бар.
Үздік қымыз өндіруші ертеңгі жарыстан кейін жасалатын жалпы қорытынды нәтижесінде анықталады. Ал жеңімпаз құны 15 млн теңгеден асып жығылатын су жаңа темір тұлпарды иеленеді.
Шатыр сыртында өнер адамдары келушілерге концерт ұсынуда.
Арнайы көлеңке орындар да қарастырылған. Бірақ өте аз.
Айналада қазақтың салт-дәстүрін насихаттауға арналған бұрыштар да кезігеді.
Балаларға арналған ойын алаңы ашылған. Оның да ішіне кіру - 2 мың теңге.
Тамақтану орындары да аз емес. Мәселен, тауық етінен жасалған кәуапты 1800 теңгеден сатып аласыз. Екі түйір бауырсақ соның құнына кіреді.
Мұндағы қауіпсіздікті ішкі істер органдарының қызметкерлері мен бірге Ұлттық ұлан әскерінің сарбаздары да күзетіп жүр.
Келушілердің тағы бір қызығушылығын оятқан нәрсе - кітәп жәрмеңкесі. Мұнда кітаптар 15 % жеңілдікпен сатылып жатыр. Кейбір кітап авторлары мен баспа жетекшілері өздері арнайы келген.
Бұл фестивальде қол өнер шеберлерінің туындыларына көп мүмкіндік жасалған. Мәселен, «Arlan Design» авторлық интерьер дизайны студиясының өкілі Бағлан Аңқауов Қостанайдан өз жұмыстарын арнайы алып келген.
Айта кетейік, іс-шара ертең де болады.