Қазақстанда радиоактивті қалдықтар қалай сақталады? Бұрынғы Семей сынақ полигонында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Пайдаланылған ядролық отын қайда орналастырылады? Осы және өзге де сұрақтарға ҚР Ұлттық ядролық орталығы бас директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев жауап берді.
– Ерболат Тайтөлеуұлы, ең алдымен Ұлттық ядролық орталықтың радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудегі рөліне тоқталсақ. Бұл бағыттағы негізгі міндеттеріңіз қандай?
– Ұлттық ядролық орталық – Қазақстандағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы жетекші ғылыми ұйым. Біз атом энергетикасы, басқарылатын термоядролық синтез, радиациялық экология және ядролық қауіпсіздік бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргіземіз. Сонымен қатар біздің маңызды міндеттеріміздің бірі – радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеуге арналған ұлттық инфрақұрылымды дамыту. Бүгінде орталықта радиоактивті қалдықтарды қабылдау, сұрыптау, радиациялық бақылау, қайта өңдеу және қауіпсіз сақтау бойынша толық цикл жұмыс істейді.
– Радиоактивті қалдықтармен жұмыс қалай ұйымдастырылған? Қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?
– Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің әр кезеңінде үздіксіз радиациялық бақылау жүргізіледі. Біз дозиметриялық және радиометриялық бақылаудың заманауи жүйелерін қолданамыз. Әрбір материалдың радионуклидтік құрамы анықталып, сәулелену деңгейі өлшенеді. Бұл халықаралық талаптарға сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Қазақстанда мұндай тәжірибе қашаннан бері қалыптасып келеді?
– Ұлттық ядролық орталық бұл бағытта отыз жылдан астам тәжірибе жинақтады. Мысалы, 1993 жылдан бері біздің зерттеу реакторлары кешенінде медицинада, ғылымда және өнеркәсіпте пайдаланылған иондаушы сәулелену көздерін ұзақ мерзімге сақтайтын арнайы қойма жұмыс істеп келеді.Осы уақыт ішінде радиоактивті материалдарды қауіпсіз сақтау мен бақылаудың тиімді жүйесі қалыптасты.
– Бұрынғы Семей сынақ полигонындағы жұмыстар туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл – біздің қызметіміздің маңызды бағыттарының бірі.
Полигонда көптеген кешенді экологиялық зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде радиоактивті заттардың таралу заңдылықтары зерттеліп, ластанған аумақтарды қауіпсіз күйге келтірудің жаңа технологиялары енгізілді.
Жалпы ядролық сынақтардың салдарын жою бойынша сегіз ірі жоба іске асырылды. Соның ішінде 2020 жылы «Тәжірибелік алаңды» қауіпсіз күйге келтіру жұмыстарының толық аяқталуы. Бұл әлемдік тәжірибеде алғаш рет жерүсті және әуе ядролық сынақтары өткен аумақты ядролық қаруды таратпау талаптарына сай қауіпсіз күйге келтірудің үлгісі болды.
– Ұлттық ядролық орталық БН-350 реакторын пайдаланудан шығару жұмыстарына да қатысты. Бұл жобаның ерекшелігі неде?
– Бұл халықаралық деңгейдегі бірегей жобалардың бірі болды.
Біздің мамандар бірінші контурдағы натрийдің радиоактивтілігін екі мың есеге төмендетуге мүмкіндік беретін технологияларды әзірледі. Сондай-ақ Ұлттық ядролық орталықтың мамандары құрастырған арнайы құрылғылардың көмегімен реактордың корпусының дренаждалмайтын кеңістігінен бір тоннадан астам натрий шығарылды.
Сонымен қатар пайдаланылған ядролық отынды Ақтаудан біздің сақтау алаңына қауіпсіз жеткізу жұмыстары да сәтті жүзеге асырылды. Тасымалдау бағыты үш мың шақырымнан асты.
– Соңғы жылдары жоғары байытылған уранды азайту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Бұл – халықаралық қауымдастық ерекше мән беретін бағыттардың бірі. 2023 жылы ИВГ.1М зерттеу реакторы толықтай төмен байытылған уран отынына көшірілді. Ал ИГР реакторы бойынша мұндай конверсияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін техникалық шешімдер әзірленді. Қазір төмен байытылған отынды дайындау технологиясы жасалып жатыр.
– Бұл бағыттағы қазақстандық әзірлемелер халықаралық деңгейде мойындалып жатыр ма?
– Иә.
Мысалы, ИГР реакторының жоғары байытылған отынын қауіпсіз иммобилизациялау технологиясы әлемде алғаш рет Қазақстанда әзірленді. Бұл технологияны АЭХА жоғары бағалады. Қазіргі таңда осы технологияны енгізуге арналған арнайы өндірістік нысанның құрылысы басталды.
– Қазір қандай ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр?
– Қазіргі уақытта сұйық радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа технологиялары әзірленуде. Сонымен қатар жабдықтарды дезактивациялау, радиоактивті қалдықтарды ұзақ мерзімге сақтау және көму қауіпсіздігін бағалау бағытында ғылыми зерттеулер жалғасып жатыр.
– Халықаралық ынтымақтастық туралы не айта аласыз?
– Біз АЭХА-мен және әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарымен тұрақты жұмыс істейміз. 2025 жылы Германиядағы Nukem, Швейцарияның Nagra ұйымдарымен, Францияның Andra операторымен және «ТВЭЛ» компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл тәжірибе алмасуға, жаңа технологияларды енгізуге және мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
– Алдағы негізгі басымдықтар қандай?
– Біздің басты мақсат – қауіпсіздік мәдениетін одан әрі дамыту. Сондай-ақ радиоактивті қалдықтардың көлемін азайту, оларды қайта өңдеудің тиімділігін арттыру, жаңа кондициялау технологияларын енгізу және радиоактивті қалдықтарды қоршаған ортадан сенімді изоляциялау жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.Бұл Қазақстанның экологиялық және ядролық қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерін орындауға ықпал етеді.