Елімізде жаңа жылдан бастап онлайн несие беру талаптары қатаңдайды
Елде өзін банкрот деп жариялауға асыққан жеке тұлға көп. Алайда, келіп түскен әрбір 4 өтініштің үшеуі мақұлданбаған. Өтініштің кері қайтарылуына не себеп? Қанша борышкер мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалана алды?
1 қаңтардан бастап онлайн несиелеуге қатысты талаптар қатаңдатылады. Қауіпсіздік мақсатында қарыз алушыға биометриялық сәйкестендіру мен электрондық цифрлық қолтаңба қолдану қажет, деп хабарлайды "24KZ" телеарнасы.
Микроқаржылық ұйымдар да банк шоты немесе төлем картасы клиентке тиесілі екенін тексеруге міндеттеледі. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, өзгерістер қарыз алушыларды алаяқтардан қорғауға бағытталған. Жыл басынан бері қазақстандықтар 16 млрд теңгеден қағылды. ІІМ-нің дерегіне сүйенсек, былтыр алаяқтар 7,5 млрд теңгеге несие рәсімдеп үлгерген. Сөйтіп, 6,5 мың адам бөтеннің қарызын төлеуге мәжбүр.
Онлайн несиелеуге тыйым салу мүмкін бе?
Десе де, онлайн несие беруге тыйым салуға болмайды. Ұлттық банк төрағасы бұл салада онсыз да талап күшейіп жатқанын айтты. Жақында бір топ депутат алаяқтықтың белең алғанына алаңдаушылық білдіріп, қарызды қашықтан беруді шектеуді сұраған еді. Тимур Сүлейменов алаяқтықпен күрес бойынша шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Былтыр антифрод-орталығы құрылды. Ол 5500 күмәнді қаржы айналымын анықтаған. Бұл – шамамен 600 млн теңге. Оның 17 млн-ы ерікті түрде қайтарылыпты. Дегенмен, онлайн несиелеуді тыю азаматтар мен бизнес үшін қаржылық қызметтің қолжетімділігін азайтуы мүмкін екенін ескертті. Өйткені барлығы онлайн көрсетіледі.
-Қазақстандықтардың несиесін алаяқтардан сақтандыру керек. Жеке тұлғалардың қарыздарын алаяқтардан міндетті сақтандыру жүйесін әзірлеу керек. Осылайша, банктер мен азаматтар арасында тәуекелдерді тең бөлуге болады. Әрі алаяқтардан зардап шеккендерге қаржылық жүктемені азайтады. Екінші деңгейлі банк жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірыңғай талаптар жасау керек, - дейді Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов.
Өтінімдердің 14%-і мақұлданды.
Елде өзін-өзі банкрот деп жариялауға ниет білдірген 2,5 мың қария бар. Негізінен өтініш берушілердің басым бөлігі 18 бен 41 жас аралығындағылар. Қазір құзырлы ұйымдар 3,7 мың өтінішті қарап жатыр. Берешек сомасы 4,8 млрд теңгеден асады. Бүгінге дейін келіп түскен 125 мың өтініштің 75%-і мақұлданбаған. Бұл шамамен 200 млрд теңге. Оның себебі көп. Бірінде борышкердің мүлкі болса, енді бірінде қарыз бен оны өтеу мерзімі сәйкес келмей жатады. Ал өзін өзі банкрот деп жариялау бойынша жалпы құны 42 млрд теңге болатын 17 мың өтінім мақұлданған. Бұл – келіп түскен өтінімдердің 14%-і. Көш басында Абай облысы тұр.
Жас ерекшелігі:
18-41 жас – 73,5 мың
42-65 жас – 48,6 мың
66-88 жас – 2,5 мың))
Өтінімдер:
Мақұлданды – 17,5 мың (Т42,1 млрд)
Қаралып жатыр – 3,7 мың (Т4,8 млрд)
Елімізде несие алудан ерікті түрде бас тартуға болады. Бұл – стоп-кредит қызметі. Оны бүгінге дейін 597 мыңға жуық азамат қолданған. Олар өзін шексіз мерзімге дейін несие алудан шектеген. Кейін қажет болып жатса, қызметтен бас тартуға құқылы.