Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің жартылай финалына жолдама алды. Ширек финалда қазақстандық теннисші Польша өкілі Катажина Каваны үш сетте жеңді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
23 қазанда өткен кездесу 1 сағат 46 минутқа созылды. Рыбакина әлемдік рейтингте 128-орында тұрған қарсыласын 6:1, 3:6, 6:1 есебімен жеңді.
Қазақстандық спортшы алғашқы сетте айқын басымдық танытып, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда екінші партияда поляк теннисшісі ойын тізгінін қолға алып, 6:3 есебімен басым түсті. Шешуші сетте Рыбакина қайтадан қарқынын үдетіп, қарсыласын 6:1 есебімен ұтты.
Кездесу барысында қазақстандық теннисші сегіз эйс жасап, алты рет қос қателік жіберді. Ал Катажина Каваның еншісінде екі эйс пен үш қос қателік бар.
Жартылай финалда Елена Рыбакина әлемдік рейтингте 13-орында тұрған ресейлік Диана Шнайдермен кездеседі. Шнайдер ширек финалда рейтингтің 12-сатысындағы америкалық Ива Йовичті 6:3, 4:6, 6:1 есебімен жеңген.
Рыбакина Нинбодағы турнирдегі өнерін екінші айналымнан бастады. Оның алғашқы қарсыласы өзбекстандық Полина Кудерметова болды. Алайда Кудерметова бірінші сетте есеп 5:0 болған кезде жарақатына байланысты кездесуді жалғастырудан бас тартты.
Айта кетейік, Елена Рыбакина Қытайда өткен турнирде былтырғы чемпиондық атағын қорғап жатыр. Жарыстың жүлде қоры 1,2 миллион АҚШ долларын немесе шамамен 547,5 миллион теңгені құрайды.