«Әділет» партиясының Ұйымдастыру комитеті партияны мемлекеттік тіркеуге қажетті құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырды, деп жазады bairaqmedia.
Партия өкілдерінің мәліметінше, құжаттар топтамасы Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» заңының 10-бабына сәйкес әзірленген. Топтама құрамына партияның жарғысы мен бағдарламасы, Құрылтай съезінің хаттамасы, белгіленген үлгідегі өтініш, тіркеу алымының төленгенін растайтын құжат, сондай-ақ партия мүшелерінің қағаз және электрондық форматтағы тізімі енгізілген.
Ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, партия мүшелерінің тізіміне Қазақстанның барлық облыстарынан, республикалық маңызы бар қалаларынан және Астанадан кемінде 200 адам енгізілген.
Партия өкілдері бұл кезеңді мемлекеттік тіркеу рәсіміндегі соңғы қадамдардың бірі деп атап отыр. Енді «Әділет» партиясы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің шешімін күтеді. Заңнамаға сәйкес, министрлік құжаттарды бір ай көлемінде қарайды.
Айта кетейік, бұған дейін «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтіп, онда партияның бағдарламасы мен негізгі идеологиялық ұстанымдары таныстырылған болатын.