Чехия үкіметі балалардың оқу орындарында ұялы телефондар мен басқа да электронды гаджеттерді пайдалануға тыйым салатын заң жобасын мақұлдады, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Заң жобасына сәйкес, тыйым балабақшаларға, жалпы білім беретін мектептерге, гимназиялардың төменгі сыныптарына және музыка мектептеріне қатысты болады. Оқушыларға ұялы телефон, планшет және ноутбукты сабақ кезінде ғана емес, үзілісте, мектеп асханасында, сондай-ақ мектеп үйірмелерінде де пайдалануға рұқсат етілмейді.
Алайда медициналық көрсетілімі бар балалар үшін ерекшелік қарастырылған. Мәселен, қант диабетімен ауыратын балалар қандағы қант деңгейін үздіксіз бақылауға арналған құрылғыларды пайдалана алады.
Сонымен қатар, оқу орындары білім беру мақсатында немесе экскурсиялар кезінде ұялы телефондар мен планшеттерді қолдануға рұқсат бере алады.
Заң жобасы енді парламенттің қарауына жіберіледі. Құжат қабылданған жағдайда, 2027 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.