$ 474.47
 541.37
 6.08

БҚО-дағы үш темір жол вокзалын жаңғырту жұмысы аяқталды

Редактор
03.07.2026, 12:05
Фото: БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі
Құрылыс материалдарының дені – отандық өнімдер.

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында жаңғыртудан өткізілген темір жол бекеті қайтадан пайдалануға берілді. Станция ғимаратының ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Жобаны «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүргізді. Мердігер - «ТасқалаТрансгаз» ЖШС.

«Батыс Қазақстан облысында 1936 жылы салынған Шыңғырлау станциясының теміржол вокзалына жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жоба Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылды», - деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі. 

Вокзал 1936 жылы салынған. Жаңғырту жұмысынан кейін нысанның жалпы ауданы 290,79 шаршы метрден 313,11 шаршы метрге дейін кеңейді. Шатыры жаңаланды. Инженерлік желілер ауыстырылып, жаңа жиһаз және заманауи жабдықтар орнатылды, сондай-ақ вокзал маңы абаттандырылды.

Құрылыс материалдарының дені – отандық өнімдер. 

Шыңғырлау станциясы арқылы Астана, Алматы, Маңғыстау облысы бағыттарына, сондай-ақ Ресей Федерациясына қатынайтын сегіз жолаушылар пойызы жүреді. Облыста темір жол саласындағы төрт нысан ғимараты жаңғыртылған болатын.

Айта кетейік,  Бөрлі ауданындағы «Қазақстан» станциясы да ашылды. Станцияны күрделі жөндеуге 732 млн 529 мың теңге жұмсалды. Құрылыс жұмысын «Альтаир» ЖШС жүргізді. Вокзал күніне орта есеппен 300-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. 

Ал Тасқала ауданында ғимараты жаңартылған «Семиглавый Мар» стансасы да қайтадан пайдалануға берілді. 1916 жылы салынған нысанды жөндеу жұмысы нәтижесінде инженерлік коммуникациялар жаңартылды, іргелес аумақтар абаттандырылды.