Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Сәуле ауылында шағын жинақты мектептің жаңа ғимараты ашылды. Жұмыс сапарымен ауданға барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауыл тұрғындарын құттықтап, Жақсыбай негізгі орта мектебінің су жаңа ғимараты жас ұрпаққа берілетін білім сапасын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
- Кейінгі 3 жылда өңірде 30 мектеп жаңадан салынды. Биыл кезекті оқу жылында осындай тағы 7 шағын жинақты мектепті пайдалануға бергелі отырмыз. Білім беру инфрақұрылымын дамыту, қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықты азайту – Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың нақты тапсырмасы. Бұл жөнінде Президент күні кеше өткен Тамыз конференциясының пленарлық отырысында да айтты. Жас ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін жағдай жасау – мемлекеттің стратегиялық міндеті, - деді Нариман Төреғалиев.
БҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша Жақсыбай негізгі мектебі 1973 жылы бастауыш мектеп ретінде ашылып, 1991 жылы мәртебесі ауысқан. Жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылған ғимараттың тозығы жетті. 60 орынға шақталған су жаңа нысан KPO b.v. компаниясының әлеуметтік міндеттемелері аясында бой көтерді.
Жаңа ғимаратта 10 оқу кабинеті бар. Сондай-ақ, 2 шеберхана, кітапхана, асхана, мәжіліс және спорт залдарымен қамтамасыз етілген. Балалар қауіпсіздігі үшін 62 бейнебақылау камерасы мен кіреберіске турникет қойылған. Мектеп ауласы толық абаттандырылған. Спорт және балалар ойын алаңдары жасақталған.
Жаңа оқу жылында негізгі мектепте 69 оқушы білім алады. Оларға 29 педагог сабақ береді.
Білім басқармасының дерегінше қыркүйек айына дейін ҚПО компаниясы қаражаты есебінен облыста сегіз мектеп құрылысы аяқталады. Бұл үшін 11,75 млрд теңге бөлінген. Осы жобалардың бірі - Қаратөбе ауданында жаңа мектеп ашылды.