$ 451.31
€ 504.56
₽ 5.36

Бірнеше рет ЭКО жасатқан: Ләйлә Сұлтанқызы Олжас пен Дариғаға қатысты жаңалық айтты

Редактор
13.10.2026, 10:57
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Ләйлә Сұлтанқызы Олжас пен Дариғаның көпшілік біле бермейтін жақсылығын айтты

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы актерлер Олжас пен Дариғаның қайырымдылық ісі туралы айтып, олардың қолдауымен бір отбасының көптен күткен сәби сүйгенін жеткізді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz 

Бұл туралы тележүргізуші әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша, Олжас пен Дариға өнердегі жетістіктерімен ғана емес, қайырымдылық істерімен де ерекшеленіп жүр. Актерлер «Mariyam Fund» қайырымдылық қорының демеушілері екен. Олардың қолдауына ие болған Орал қаласындағы ерлі-зайыпты бірнеше жыл бойы сәби сүйе алмай, түрлі қиындықты бастан өткерген.

«Олжас пен Дариғаның бөпесінің қырқынан шыққанына бір ай толды. Кино әлемі бір бөлек, ал өмірде Олжас пен Дариға – біздің Mariyam Fund қорымыздың демеушілері», – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Тележүргізушінің сөзінше, оралдық жұп бірнеше рет экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) әдісіне жүгінгенімен, нәтижесіз болған. Алайда қайырымдылық қорының көмегімен көптен күткен армандары орындалып, ата-ана атанған.

«Олар қолдау көрсеткен оралдық жұп бірнеше жыл бойы ата-ана болуды армандап, талай қиындықты бастан өткерген. Бірнеше сәтсіз ЭКО әрекетінен кейін, қорымыздың қолдауымен армандарына жетіп, бүгінде ата-ана атанып, бақытқа кенеліп отыр», – деді ол.

Ләйлә Сұлтанқызы жазбасын өзгеге қол ұшын созудың маңызын атап өтіп аяқтады.

«Біреудің қолдауы – бір отбасының өмірін өзгертіп, үлкен арманын ақиқатқа айналдыруы мүмкін», – деп түйіндеді тележүргізуші.