Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен үшінші рет әлем чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Қатар астанасы Доха қаласында өткен әлем чемпионатындағы әйелдер арасындағы бәсекеде Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанды. Асаубаева швейцариялық жүйе бойынша өткен турнирде 15 турдың қорытындысы бойынша бірінші орын алып, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда қытайлық Чжу Цзиньэрді үш партияда да жеңіп, финалға шыққан. Ақтық кезеңде Бибісара Асаубаева украиналық Анна Музычукпен кездесіп, алғашқы үш партия тең нәтижемен аяқталды. Ал төртінші партияда Бибісара қарсыласынан басым түсті.
Осылайша небәрі 21 жастағы қазақ қызы Бибісара Асаубаева Қазақстан тарихында блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды.