15 қазан күні таңертең Петропавл – Көкшетау тасжолында бес көліктің қатысуымен жол апаты болып, үш әйел қаза тапты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қайғылы оқиға Кременчуг ауылының маңында болған. Жолда үш жеңіл автокөлік пен екі КамАЗ соқтығысқан.
Апат салдарынан Audi көлігінде отырған үш әйел оқиға орнында көз жұмды. Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, марқұмдар – балабақша директоры мен екі тәрбиеші. Audi жүргізушісі мен тағы бір жолаушы түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қалған көліктердің жүргізушілері зардап шекпеген.
Білім басқармасы қаза тапқан әйелдердің жеке шаруаларымен жолға шыққанын, сапардың қызметтік міндеттеріне қатысы болмағанын мәлімдеді. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазір жол апатының себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.