$ 482.53
 555.44
 5.92

«Бес хит ән жаздым, қаламақы төлемеді»: Композитор өзін әнші BAYANSULU сотқа бергенін мәлімдеді

Редактор
30.03.2026, 16:28
Фото: әлеуметтік желіден
Фото: әлеуметтік желіден
Сазгер енді әндерді орындауға толықтай тыйым салатынын, сондай-ақ бейнебаяндардың өшірілетінін мәлімдеді. 

Қазақстандық композитор Қуат Әбіл әнші Баянсұлумен арада туындаған дауға қатысты пікір білдірді. Ол өзінің жазған әндері үшін қаламақы алмағанын айтып, әділдік сұрады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Сазгердің айтуынша, ол Баянсұлудың “Ұмытсам да”, “Сондайы бар енді”, “Ауа райы”, “Күтемін”, “Lalala” атты бес әнін жазған. Алайда осы еңбегі үшін бірде-бір төлем алмағанын жеткізді.

“Баянсұлу алғашында келген кезде “Аға, маған ақша керек емес, атым шықса болды” деп айтқан еді. Қолымнан келгенше жұмыс жасадым. Бес бірдей ән жаздым, бесеуі де хит болды. Енді, үлкен мәселе – менің әндеріме қаламақы төленген жоқ. Мен тегін жұмыс істедім. Мен талап еткен қаламақымды төлеуден бас тартып жатыр. Маған бірнеше адамдардан қысым болды. Баянсұлудың “егер бұл әндерді мен айтпасам хит болмайтын еді” деген сөзі маған деген құрметтің жоқтығын көрсетті”, – дейді ол.

Композитордың сөзінше, бұған дейін әншінің YouTube желісіндегі бірнеше әнін өшіртіп, оларды орындауға тыйым салған. Кейін келісім нәтижесінде туындылар қайта жүктелген.

Дегенмен, дау қайта шиеленіскен. Сазгер енді әндерді орындауға толықтай тыйым салатынын, сондай-ақ бейнебаяндардың өшірілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, әнші оны қаламақысын талап еткені үшін сотқа беріп, сотқа шақыру қағазын жіберген.

“Менің меншігімде ештеңе жоқ. Меншігімде – отбасым, бес балам және әндерім ғана бар. Мен өнерге қызмет етіп жүрген адаммын. Ол көмек сұрап келген кезде барымды салып, жақсы әндерімді Баянсұлуға бердім. Жаңа продюсеріне де талабымды айтып, қаламақымды төлеңдер де әндерді орындай беріңдер деп айттым. Қазақ эстрадасына “Баянсұлу” деген ат осы әндер арқылы келді деп есептеймін. Енді, міне ақыр соңында осылай сотқа шақырып жатыр. Қарындасыңдай көріп, бар ынтаңмен жақсылық жасаған адамның осындай соққы жасауы жақсы нәрсе емес. Әнші мен композитордың арасындағы сыйластықтың соңы осындайға келді. Не істерімді білмеймін. Өздеріңіз әділдігін айтыңыздар”, – деді композитор бейнежазбада.