Журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желіде Мадияр есімді жас жігіттің жағдайын көтерді. Оның жазбасында айтылған дерекке сәйкес, интернатта өскен жігіт 2025 жылы әскерге шақырылып, Семейдегі ТЖМ-ге қарасты №68303 әскери бөлімде қызмет еткен, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Журналист сарбаздың әскери бөлімде соққыға жығылғанын және содан кейін денсаулығы күрт нашарлағанын мәлімдеді.
Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, Мадиярдың жақын жанашыры жоқ. Мектепті аяқтағаннан кейін ол Алматыда көлік жуу орнында жұмыс істеп, сонда қонып жүрген. 2025 жылдың мамырында әскерге алынған.
Журналистің жазуынша, сол жылдың 6 шілдесінде әскери бөлімде Мадиярға күш қолданылған. Ол бұл оқиғаға офицер мен тағы бір әскери қызметшінің қатысы бар екенін алға тартты. Алайда бұл мәліметтер әзірге журналистің жазбасында айтылған нұсқа екенін және құзырлы органдардың ресми қорытындысы қажет екенін ескерген жөн.
«Мадияр интернатта өскен, жанашыры жоқ бала. Мектеп бітірген соң автомойкада жұмыс істеп, қонып, күнін көрген. 2025 жылы мамыр айында мойкада жүрген жерінен күштеп әскерге әкетеді. Семейдегі ТЖМ-ге қарасты 68303 әскери бөлімге түседі. 6 шілде, Астана күні, кино көріп отырған жерінен Ахат есімді офицер басынан белдіктің темірімен ұрып құлатады. Ары қарай Паджаев деген дембель соққыны дәретханада жалғастырады. Екі апта кома, екі ай аурухана. Қазан айында әлгі офицер Мадиярдан «бәрі жақсы, шағымым жоқ» деген қолхат алып, қолына 100 мың теңге беріп, Алматыға отырғызып жіберген», – деп жазды журналист.
Гүлмира Әбіқайдың мәліметінше, әскерден оралғаннан кейін Мадиярдың денсаулығы нашарлай берген. Оның басы қатты ауырып, көлік жуу кезінде бірнеше рет есінен танып қалған. Кейін денсаулығына байланысты өзге де күрделі мәселелер туындағанын айтады.
Журналист қазір жігітке шұғыл медициналық көмек пен күрделі операция қажет екенін жазды. Мадиярдың өзінен қандай көмек қажет екенін сұрағанда, ол ең алдымен әскери бөлімде болған жағдайға жауапты адамдардың жазаланғанын қалайтынын жеткізген.
«Дәл қазір не қалайсың, көмектесейік дедім мен. «Еш көмек қажет емес, тек частьтағылардың жазасын алғанын қалаймын», – деп жазып берді. Қысқасы, Мадиярды уақытша паналатқан барша жақсы адамдармен қоштасып, жігітті сенімді, жанашыр жерге алып кеттік. Алдымен шұғыл ем-дом қажет! Одан кейін ісіміз офицер Ахатпен болсын», – деп жазды Гүлмира Әбіқай.
Журналист көтерген жағдайға байланысты ТЖМ немесе құқық қорғау органдарының ресми түсініктемесі мәтінде келтірілмеген. Сондықтан әскери бөлімде күш қолданылды деген мәліметтер әзірге автордың әлеуметтік желідегі жазбасына негізделген.