Жамбыл облысында Бота Мойнақ ауылында тағы бір оқушы көз жұмды. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана ұлдары Миятбек Ерсейітті жоғары сынып оқушылары соққыға жыққанын айтып отыр, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы Информбюро жазды. Жақындарының сөзінше, жасөспірім қатарластарының емес, өзінен үлкен оқушылардың әлімжеттігіне тап болған. Ата-ана баласының өліміне осы жағдай себеп болды деп есептейді және оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеліп, кінәлілер жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Әкесі Ертай Қонысбаев оқиға орнына жеткен сәтін былай еске алады:
«Балам дәл осы жерде жатты. Денесі әлі жылы болатын. Оны көтеріп, есін жиғызуға тырыстым. Кейін жедел жәрдем келіп, “бәрі бітті” деді».
Ол сол күні бірнеше баланың соққыға жығылғанын айтып, болған жағдайды жасөспірімдер арасындағы әлімжеттікпен байланыстырады. Ауыл тұрғындары да футбол алаңына жастар жиі жиналатынын, үлкендердің кішілерді «тәрбиелейтіні» туралы әңгіме барын айтқан. Бірақ бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталмаған.
Марқұмның анасы Айгүл Абзалиева да пікір білдірген. Оның айтуынша, жерлеу рәсімінен кейін күдікті жасөспірімнің әкесі, туыстары мен ауыл ақсақалдары олардың үйіне келіп, кешірім сұраған.
«Барлығы кешірім сұрап келді. Ауылдың ақсақалдары келді. Бірақ олардың келгені дұрыс емес деп ойлаймын. Іске қатысы бар адамдарды көрмедік», - деді анасы.
Ал Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы Құралай Өскембекова оқиғаның сабақтан тыс уақытта болғанын нақтылаған. Оның сөзінше, қазір қымыстық іс қозғалған. Қазір күдіктілер ұсталғанын және тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын айтты.