Қазақстандық паражүзуші Диас Кенжебек Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алып, құрлық рекордын жаңартты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
20 қазанда өткен жарыста қазақстандық спортшы ерлер арасында S10 санатында 100 метрге шалқалап жүзуден үздік нәтиже көрсетті. Диас Кенжебек мәреге 1 минут 1,98 секундта жетіп, қарсыластарын басып озды. Осылайша, отандасымыз бұған дейінгі 1 минут 3,73 секундтық Азия рекордын 1,75 секундқа жақсартып, жаңа рекорд орнатты.
Айта кетейік, Диас Кенжебек дәл осы күні тағы бір жүлдеге қол жеткізді. Ол SM10 санатында 200 метрге кешенді жүзуден 2 минут 21,61 секунд нәтиже көрсетіп, күміс медаль иеленді.
Бұл – Қазақстан құрамасының V Азия Пара ойындарындағы бесінші алтын медалі. Ал Диас Кенжебектің жарыста жеңіп алған үшінші жүлдесі. Бұған дейін қазақстандық спортшы S10 санатында 100 метрге еркін стильде жүзуден күміс медаль еншілеген болатын. Осылайша, Диас Кенжебек бір алтын және екі күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына үш жүлде салды.