Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында қазақстандық пара дзюдошылар Ақтолқын Сейілбекова мен Зарина Раифова алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ақтолқын Сейілбекова J1 санатында 70 келіден жоғары салмақта өнер көрсетті. Ол айналмалы жүйе бойынша төрт кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Зарина Раифова J2 санатында осы салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол да төрт белдесудің барлығында қарсыластарынан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Пара дзюдодағы санаттар спортшылардың көру қабілетіне қарай анықталады. J1 санатына көру қабілеті өте қатты бұзылған немесе толық көрмейтін спортшылар жатса, J2 санатында көру қабілеті бұзылған, бірақ белгілі бір деңгейде көру мүмкіндігі сақталған спортшылар өнер көрсетеді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында 31 медаль бар. Оның тоғызы – алтын, оны – күміс, он екісі – қола жүлде.