Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ауыр жұмыс істейтін адамға ораза ұстау міндетті ме деген сұраққа қатысты жауабын берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Діни басқарманың пікірінше, аузы берік адам (ауыр жұмыс істеу арқылы) қатты шөл мен аштыққа шалдығып, сол үшін өмірінен не есінен айырылатындай жағдайға душар болса, онда оған оразасын бұзуға рұқсат етіледі. Кейіннен бұл күннің қазасын ғана өтейді. Тек өзін әлсіретуге өзі себепші болып, тіпті ауыз ашуға дейін алып барса, әрі бұған ешқандай зәрулік жағдай түрткі болмаса ғана кәффаратын өтейді.
Сондықтан наубайшы, егінші секілді ауыр жұмыс істейтіндер оразасын аяғына дейін ұстауға кедергі келтіретіндей тым көп жұмыс істемеу керек. Рамазан күндерінде күздізгі жұмысын қысқартуы немесе түнгі уақытқа ауыстыруы қажет. Дегенмен рамазан айларында ауыр жұмыс істеуге мәжбүр болған адамдар таң атқаннан аузын аша бермейді. Сәресін ішіп, аузын бекітеді. Мүмкін Алла оған оразасын соңына дейін тұтуға көмек берер, – делінген пәтуада.
Дегенмен ауыр жұмыс істейтін адам себепсіз ораза ұстамай қалмауына болмайтыны атап өтілді.
Ондай адам Рамазан айының мол сауабынан құр қалып қоймауы үшін еңбек демалысын осы айға сәйкестендіріп, мүмкіндігінше жұмыс уақытын қысқартып немесе одан жеңілдеу жұмысқа ауысқаны абзал, – деп түсіндірді басқарма өкілдері.