Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XXVI съезі өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Партия Құрылтай депутаттығына барлығы 69 кандидатты ұсынды. Олардың 71 пайызы – ер азаматтар, 29 пайызы – әйелдер. Сондай-ақ тізімге мүгедектігі бар алты азамат енгізілген. Бұл жалпы кандидаттар санының 8,7 пайызын құрайды.
Жас ерекшелігіне қарай кандидаттардың басым бөлігі – 35 пен 55 жас аралығындағы азаматтар. Олардың үлесі 56,5 пайыз болса, 25–35 жас аралығындағы жастардың үлесі 14,5 пайызды құрады. Партияның мәліметінше, тізімге еліміздің барлық өңірлері мен түрлі салалардың өкілдері енген.
Съезде партия төрағасы Қайрат Айтуғанов өңірлік партиялық конференцияларда форумға қатысу үшін 150 делегат сайланғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, съезде партияның алдағы саяси бағытын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданды. Сондай-ақ алдағы электоралдық науқан қарсаңында партияның сайлауалды бағдарламасы, Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізімі және Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілді.