Қазақстан астанасы Астана мен Камбоджа астанасы Пномпень арасында бауырластық қарым-қатынас орнатылады. Тиісті меморандум Ақордада өткен келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар алмасқан алты құжаттың қатарына енді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Құжаттарға қол қою рәсімі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манеттің қатысуымен өтті.
Ақорданың мәліметінше, келісімдер цифрландыру, сауда-экономикалық байланыстар, мәдениет, өнер, туризм және екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықты қамтиды.
Атап айтқанда, тараптар мынадай құжаттарға қол қойды:
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Камбоджаның Пошта және телекоммуникациялар министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
Цифрлық үкімет, GovTech және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен Камбоджаның Сауда министрлігі арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы меморандум;
Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Камбоджаның Мәдениет және бейнелеу өнері министрлігі арасындағы мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі мен Камбоджаның Туризм министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
Астана мен Пномпень арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум.
Сонымен қатар келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хун Манет бірлескен мәлімдеме қабылдады.