Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде әскерге шақыру жасындағы азаматтарды көшеден ұстап, әскери бөлімге күштеп жеткізіп жатыр деген видеолар тарап жатыр. Бұл жағдайға байланысты Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, мерзімді әскери қызметке шақыру жыл сайын заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Алайда кейбір азаматтар шақыру қағазын алудан жалтарып, тіркеуде тұрған мекенжайда тұрмайды немесе жаңа мекенжайға тіркелмейді. Мұндай жағдайда шақыру қағазын жеткізу Ішкі істер органдары арқылы жүзеге асырылады.
Шақыру пункттерінде азаматтардың мерзімді әскери қызметке шақырылу негіздері бар-жоғы анықталады. Егер негіздер болмаса – азамат үйіне қайтарылады. Ал негіз болған жағдайда – медициналық тексеруден өтіп, әрі қарайғы шақыру шараларынан өтеді, – делінген хабарламада.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметтен жалтарған азаматтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салып, жалған ақпарат таратпауға және заң талаптарын сақтауға шақырды.