Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты компанияның заңсыз иелігінен "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС-нің 100 % үлесі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлады bairaqmedia.kz Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
2015 жылы "Қазақ энциклопедиясы" ЖШС-нің 100% үлесі жеке компанияның пайдасына заңсыз жекешелендірілген, ал жылжымайтын мүлік түріндегі активтер (Алматы қаласы Әуезов ауданында орналасқан 2 108,3 м2 жер учаскесі бар ғимарат) заңсыз иеліктен шығарылған.
"Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру шартын және одан кейінгі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінген", - деп жазылған хабарламада.
Кассациялық соттың қаулысымен прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды, құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылды.