Армения ресми түрде Еуроодаққа кіру процесін бастап кетті. Ел парламенті республиканың Еуроодаққа кіру процесін бастау туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарап, қабылдап үлгерді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Парламент спикері Ален Симонянның мәлімдеуінше, заң жобасын қабылдауға 63 депутат дауыс беріп, шешім мақұлданған.
9 қаңтарда Армения үкіметі елдің ЕО-ға кіру процесін бастау туралы шешім жобасын мақұлдаған болатын. Заң жобасын Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян таныстырып тұрып, бұл азаматтық бастама екенін атап өткен.
Дегенмен бұл құжат елдің ЕО-ға тіке қосылатындығын білдірмейді. Армения премьер-министрі Никол Пашинян да бұл қадамның азаматтық бастама екенін әрі елдің тікелей Еуроодаққа мүшелігін білдірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе тек референдум арқылы шешілуі мүмкін.