Ол оқу-жаттығу кезінде авиациялық апаттан көз жұмған еді


Оқу-жаттығу ұшулары кезінде қаза тапқан ұшқышпен қоштасу рәсімі Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында өтті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Оған Әуе қорғанысы күштерінің басшылығы, әскери оқу орнының ұжымы, қайғылы жағдайда қаза тапқан марқұмның туыстары мен жақындары қатысты.

Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Б. Оразымбетов – осы оқу орнының түлегі. Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелерінде түрлі лауазымнан өткен. Биылғы көктемдегі су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан. Офицер мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медалдармен марапатталған.

Майор Батыр Оразымбетовтың соңында жұбайы мен екі баласы қалды.

Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған авиациялық эскадрилья офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қаза тапқан еді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Батыр Оразымбетов Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы тәмамдаған. Мамандығы – ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар саласымен байланысты. Офицердің МИ-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар екені айтылады. Оның жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады.