Ақмола облысы: Жарылыстан зардап шеккен 16 адамның екеуінің жағдайы ауыр
Ақмола облысы Сабынды ауылындағы жарылыстан зардап шеккен 16 адамның екеуінің жағдайы әлі де ауыр.
Ақмола облысы Сабынды ауылындағы жарылыстан зардап шеккен 16 адамның екеуінің жағдайы әлі де ауыр. Олар Астана ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.
Жеңісбек Бапанов, Астана ауруханасы директорының орынбасары:
— 13 адам түсті, алтауын бірден жансақтау бөліміне жатқыздық. Қалған жетеуі жарақат бөлімшесінде. Жансақтау бөліміндегі алты адамның төртеуі ортақ палатаға ауыстырылды. Ал қалған екі әйелдің жағдайы ауыр. Зардап шеккендер тиісті ем-шараларын алып жатыр.
Оқыс жағдай сенбіден жексенбіге ауған түні болды.
Сабынды ауылында бұрынғы мешіт ғимаратында газ баллоны жарылып, үш адам көз жұмды. Оның бірі — 12 жастағы бала.
Олар 25 жыл бұрын қайтыс болған туыстарын еске алуға жиналған екен. Ауыл халқы ас беріп құран оқытатын ескі мешіттің ғимаратындағы жарылысқа газ баллонының жарамдылық мерзімінің өтіп кетуі себеп болуы мүмкін дейді мамандар.
Ерсаин Қойшыбаев, Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі:
— Оқиға орынына жеткен құтқарушылар жарылған газ балонынан бөлек, тағы да алты баллон алып шыққан. Қираған ғимаратты тазартуға Төтенше жағдайлар департаментінің 40-тан астам маманы мен 32 техника жұмылдырылды. Қазір үйіндінің 70 пайызы тазартылды.