Алматыда тұрғындар үш айдан бері жаңа пәтеріне кіре алмай жүр. Пәтерде не жылу, не жарық жоқ. Жеделсатының да тек орны тұр. Наразы жұрт құрылыстың шикілігі көп дейді. Оны атқамінерлердің қалай қабылдап алғанына аң-таң, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Анар Кенжебекова пәтерді мемлекеттік бағдарламамен алған. Алайда келіншектің қуанышы көпке созылмапты. Әрең қолы жеткен баспанасында жылу да, жарық та жоқ. Анар әлі күнге дейін бала-шағасымен жалдамалы пәтер жағалап жүр.
"Үш ай болды, баспанама кіре алмаймын. Жалға төлеп жүрмін, кредит төлеп отырмын, қосымша ипотека төлеп отырмын. Осындай қиын жағдайға түсіп, қазір жалақымызды жеткізе алмай, әзер отырмыз. Пәтер жалдауға 250 мың теңге төлеймін. Қиналып кеттік. Не анда емес, не мұнда емес. Жылу да жоқ", - дейді Анар Кенжебекова.
Үйдің сырты ғана бүтін, ал ішіндегі құрылыс жұмысы әлі бітпеген. Жайлы үй деп сатылғанымен, мердігер арзан әрі сапасыз материалдарды қолданған, дейді наразы жұрт. Құрылыс компаниясы аумақты абаттандыруды да ұмыт қалдырған. Қоршаудан бастап, футбол алаңы, тіпті үй алдындағы орындыққа дейін тек жарнамада, сурет жүзінде қалған.
"Осы алаңның өзі әр түрлі, негізі жақсы балалар алаңы бар, демалатын алаңдар бар, футбол алаңдары бар. Бәрі көрсетілген, әдемі, қазақи нақышта болады деп айтылған. Енді қазір қарасаңыз, ондай ештеңе жоқ. Асфальттарын төсеп қойған, балалар қайда ойнайтынын бір Құдай біледі. Артында алаң болуы керек еді, ол жерге автотұрақ жасап қойды", - дейді Ерасыл Ноғайбеков.
Тұрғындар тек мердігерге емес, бітпеген нысанды қабылдап алған шенеуніктерге де өкпелі. Алайда олардың шағымына қатысты не құрылыс компаниясынан, не әкімдік өкілдерінен тілшідер жауап ала алмапты.