Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Алматы қаласының полициясы құқыққа қайшы контентті анықтап, шара қабылдады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
«Интернет кеңістігіне жүргізілген мониторинг барысында полиция қызметкерлері авторы Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамда қалыптасқан жалпыға ортақ моральдық-адамгершілік құндылықтарға қайшы өмір салтын ашық түрде насихаттаған жарияланымдарды анықтады. Автордың жеке басы анықталды. Оған құқыққа қайшы контент орналастырғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды», – деп жазылған полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Профилактикалық әңгімелесу жүргізілгеннен кейін азамат әлеуметтік желідегі парақшасынан жарияланған материалдарды өз еркімен өшірген.
Сондай-ақ Алматы полициясы әлеуметтік желілер қоғамдық ақпараттық кеңістік болып табылатынын еске салады.
«Заң талаптарына және қоғамда қалыптасқан жалпыға ортақ моральдық-этикалық нормаларға қайшы мінез-құлық үлгілерін насихаттайтын, отбасы институтына деген құрметті төмендететін контентті тарату заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады», – деп жазылған хабарламада.