Қазақстанда Президент бастамасымен Жасанды интеллект жылы деп жарияланған кезең цифрлық трансформация мен озық технологияларды енгізудің соны серпініне айналды. Мемлекеттік білім беру, ғылым және инновациялық саясаттың басты басымдығы — елімізді өңірлік цифрлық хабқа айналдыру және отандық IT-әлеуетті халықаралық деңгейге көтеру. Осы орайда, Алматы қаласында IT және жасанды интеллект саласын жүйелі дамытуға арналған Almaty AI Hub және Almaty AI Park атты екі ауқымды жобаның қолға алынуы — еліміздің инновациялық картасындағы тарихи бетбұрыс болмақ, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, бұл қос нысан білім беруді, ғылыми-қолданбалы зерттеулерді, бастауыш стартаптарды қолдауды және ірі технологиялық компаниялардың қызметін бір арнаға тоғыстыратын тұтас экожүйеге айналады. Қазақстанның ірі мегаполисінде қалыптасып жатқан мұндай жаңа инфрақұрылым бағдарламалық өнім әзірлеушілерге, ғалымдар мен жас кәсіпкерлерге кең мүмкіндіктер ашады.

Бірінші жоба — «Көктем-3» шағынауданында орналасқан Almaty AI Hub орталығы. Жалпы ауданы 9,4 мың шаршы метрден асатын ғимарат толықтай қайта жаңғыртылып, 556 жұмыс орны бар заманауи көпфункционалды кешенге айналуда. Мұнда IT және жасанды интеллект компанияларына, стартаптар мен әзірлеушілерге арналған жұмыс кеңістіктері, білім беру алаңдары, коворкингтер, кеңселер, конференция залдары мен іс-шаралар өткізу аймақтары жабдықталады.

Хабтың ең басты ерекшелігі — оның құрамына жасанды интеллект мектебі мен AI Campus инфрақұрылымының кіруі. Сондай-ақ орталық базасында оқыту, демонстрациялық аймақтар мен жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеуді қамтитын толыққанды робототехника экожүйесі құрылады. Осылайша, Almaty AI Hub бір алаңда білім алу, алғашқы жобаларды бастау, стартаптарды жедел дамыту және технологиялық компанияларда жұмыс істеу сияқты барлық өндірістік циклды біріктіреді.

Екінші бірегей бастама — Almaty AI Park кешені. Ауқымды жоба 4,9 гектар аумақты қамтып, жалпы құрылыс ауданы 76 мың шаршы метрді құрайды. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады: бірінші кезеңін 2027 жылдың желтоқсанында, ал екінші кезеңін 2028 жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарланған.
Almaty AI Park құрамына ғылыми-зерттеу және жасанды интеллект зертханалары, халықаралық технологиялық компаниялардың өкілдіктері, коворкинг, акселератор мен бизнес-инкубатор енеді. Ең бастысы, осы кластердің өзінде болашақ мамандарды даярлайтын мамандандырылған университет ашу көзделген. Жас компанияларды қолдау мақсатында стартаптарға жобаларды таныстыру, инвесторлармен келіссөз жүргізу кеңістіктері ұсынылады, ал ғылыми зертханалар су жаңа шешімдерді сынақтан өткізетін негізгі полигонға айналады.
Осылайша, Almaty AI Hub пен Almaty AI Park жобалары мемлекеттік саясат пен жасанды интеллект жылының негізгі міндеттерін толық жүзеге асырып, елімізде жоғары білікті кадрлар даярлаудан бастап, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізуге дейінгі қуатты инновациялық кластерді қалыптастырады.