Жетісу облысында Алматы – Өскемен республикалық маңызы бар тасжолында адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы жол-көлік оқиғасы тіркелді. Шағын автобус жүк көлігінің тіркемесіне соғылған, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұл туралы Azattyq Rýhy жазды.
Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жол апаты тасжолдың 143-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оңтүстік бағытта келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter микроавтобусының жүргізушісі алда жүрген КамАЗ жүк көлігінің тіркемесіне соқтығысқан. Жол апаты салдарынан екі адам оқиға орнында қаза тауып, тағы 10 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізілді.
Аталған қайғылы оқиға фактісі бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап кетті.
Тәртіп сақшылары жол апатының барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Күдікті деп танылған микроавтобус жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.