Алматы облысында екі жастағы егіздердің анасы қайтыс болды. Марқұмның жақындары оның өліміне дейін күйеуінен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтып, істің мән-жайын толық әрі жан-жақты анықтауды сұрап отыр, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы «НемолчиKZ» қоры жазды.
Қор таратқан ақпаратқа сәйкес, 23 шілдеде ерлі-зайыпты арасында жанжал болған. Туыстарының сөзінше, сол кезде ер адам әйелін ұрып-соғып, салдарынан оның қолы сынған. Арада үш күн өткен соң, 26 шілдеде әйел қайтыс болған.
Қазіргі уақытта аталған жағдайға байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы — «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Марқұмның туыстарының бірі әйелдің болған жағдайды ата-анасына айтудан қысылып, көрген қорлығын жақындарынан жасырып келгенін мәлімдеген. Оның айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін шамамен бір сағат бұрын ғана марқұм әпкесі немесе сіңлісіне күйеуінен көрген зорлық-зомбылығы туралы айтып үлгерген.
«23 шілдеде күйеуімен жанжалдасып, күйеуі оны ұрып-соғып, қолын сындырған. Ол ата-анамызды уайымдап, болған жағдайды ешкімге айтпаған. Қайғылы оқиғаға дейін бір сағат бұрын маған бәрін айтып берді», – деп жазылған туысының хатында.
Марқұмның артында екі жастағы егіз баласы қалған. Қазір туыстары олардың әрі қарайғы тағдырына алаңдап отыр.