Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары өндіріс орындарынан бөлінетін зиянды қалдықтарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретін жаңа газтазарту технологиясын әзірледі. Зерттеу нәтижесінде енгізілген шешім өндірістік түтін құрамындағы шаң мен зиянды заттардың көлемін ондаған есе төмендетуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қазіргі уақытта жобаны өндірісте енгізу жұмыстары Ақтөбе, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы бірқатар өнеркәсіптік нысандарда жүргізілуде. Әзірленген технология металлургия, энергетика, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салаларына бейімделген. Сонымен қатар экологиялық шешімдер Ақсу ферроқорытпа зауытында, «Қазхром» ТҰК АҚ кәсіпорындарында және еліміздің басқа да өндірістік нысандарында қолданылып келеді.
Технология Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қолданылғаннан кейін өндірістік түтін құрамындағы шаң мен зиянды компоненттердің мөлшері шамамен қырық есеге дейін азайғаны анықталды. Нәтижесінде атмосфераға тарайтын өндірістік шаң мен газдардың басым бөлігі сүзгіден өткізіліп, ауаға әлдеқайда тазартылған күйде шығарылады. Бұл өндірістік кәсіпорындардың экологиялық жүктемесін төмендетуге және қоршаған ортаны қорғау талаптарын орындауға ықпал етеді.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі — оның импортты алмастыратын отандық технология ретінде жүзеге асырылуы. Бұған дейін мұндай газтазарту жүйелері көбіне шетелден жеткізілетін. Жаңа әзірлеме Қазақстан кәсіпорындарына дәл сондай тиімді жабдықты отандық ғылыми және инженерлік әлеует негізінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Ғалымдар мұндай нәтижеге сүзгі-қаптарды жаңаша регенерациялау жүйесін енгізу арқылы қол жеткізген. Аталған технология сүзгі материалын қорғауға, тазарту тиімділігін арттыруға және жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүйе өндірістік процестің тұрақтылығын сақтауға бағытталған инженерлік шешімдермен толықтырылған.
Зерттеу жұмыстарына Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жетекші ғалымдары қатысуда. Атап айтқанда, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Имангазин, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Бағдагүл Уахитова және коммерцияландыру және стартаптар департаментінің директоры Нұрбек Дүймұханов жобаның ғылыми және технологиялық бағытын үйлестіреді.Жоба экологиялық қауіпсіздік талаптарына және «жасыл» технология қағидаттарына сәйкес келеді.
Жоба университет пен Қарағанды қаласындағы «KazEnergoMashEkologia» ЖШС арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылуда.Негізгі сүзгілеу жүйесінің құрастыру жұмыстары компанияның өндірістік базасында жүргізілуде.
Жоба аясында ғалымдар Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижелері негізінде газтазарту жүйесінің жобалық-конструкторлық шешімдері әзірленді. Ғылыми есеп Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында тіркеліп, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру конкурсына қатысуға мүмкіндік берді.
Жоба 350 млн теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болды. Сонымен қатар өнеркәсіптік серіктес тарапынан 123 млн теңгеден астам қосымша инвестиция тартылған. Екі жыл ішінде жалпы құны шамамен 380 млн теңгені құрайтын газтазарту жабдықтары әзірленіп, өндірісте қолданылып келеді.