Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева соңғы күндері Құрылтайдың бірқатар депутаттарына қатысты айтылып жатқан пікірлерге назар аударды. Министрдің сөзінше, тұрғын үй мәселесіне байланысты түрлі алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлердің соңы буллингке ұласып барады, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Аида Балаева әлеуметтік желідегі жазбасында Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, алғашқы жылдары журналистерге пәтер редакциялар ұсынған тізім бойынша берілсе, кейін бұл тәртіп өзгерген.
«Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келеді.
Әрине, түсінбеушілікке жол бермеу үшін мемлекеттік органдардың өкілдері мен Құрылтай депутаттары БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша мүмкіндігінше қажетті түсініктеме беруге тиіс», – деп жазды министр.
Сонымен қатар Аида Балаева журналистердің кәсіби әдеп нормаларын сақтау мәселесіне тоқталды. Ол қудалау, жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау және елең еткізер тақырып үшін әдейі арандату кәсіби журналистика қағидаттарына сай келмейтінін айтты.
Министр «Масс-медиа туралы» заңның 26-бабы 4-тармағының тармақшасына сәйкес, кәсіби әдеп нормаларын сақтау журналистің міндеті екенін еске салды.
«Сыйластық сапалы журналистиканың дамуына әрдайым ықпал етеді.
Сондықтан барша журналисті бұзғаны үшін тиісті шаралар көзделген аккредиттеу қағидалары мен іс-шаралар регламентін ғана емес, кәсіби әдеп нормаларын да сақтауға шақырамын», – деді Аида Балаева.
Министр мемлекеттік органдар мен депутаттар БАҚ өкілдерін қызықтырған мәселелер бойынша қажетті түсініктеме беруге тиіс екенін атап өтіп, журналистерді де кәсіби әдеп пен өзара сыйластық қағидаларын ұстануға шақырды.