$ 485.4
 550.69
 6.41

«1 шілдеден бастап ел дамуының жаңа дәуіріне қадам басамыз» - Мемлекет басшысы

Редактор
26.06.2026, 15:53
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру» деп атап өтті. 

Президент 1 шілде күні мемлекетіміздің Бас құжаты – Конституция заңды күшіне енетінін, осылайша, ел дамуының мүлдем жаңа дәуіріне қадам басатынымызды еске салды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады. Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді. Негізгі заңның түпкі мәні де осыдан көрінеді: Конституция шын мәнінде барлық парасатты және жасампаз күштерді, нағыз патриоттарды еліміздің стратегиялық бағдарының, яғни, реформалардың жалпыұлттық жоспары мен мақсаттары төңірегіне біріктіретін берік тұғырнама іспеттес. Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру» деп атап өтті. 

Мемлекет басшысының айтуынша, патриот болу дегеніміз – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын іс жүзінде қолдау, ел игілігіне үлес қосу, туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік алу. 

Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл – заман талабы. Сондықтан қазіргі күрделі сын-қатерлерге төтеп беру үшін дайындығымыз сақадай-сай болуы қажет. Әрбір мүмкіндікті мемлекеттің іргесін бекемдеп, қуатын арттыруға пайдалану керек. Біздің негізгі міндетіміз – кәсіби деңгейі жоғары әскерилерді тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру. Қазіргі уақытта әскерилер жан-жақты дамыған, қоғам өмірінің барлық саласына үлес қоса алатын үлгілі тұлға екенін көрсетуге тиіс. Бүгін арнайы келген Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжді осындай табысты жұмыстың жарқын мысалы ретінде атауға болады. Биыл оқу орнының құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде колледж сержанттық құрамға 4,5 мыңнан аса жоғары білікті маман даярлады. Бұл бірегей тәжірибе халықаралық деңгейде жоғары бағаға ие болды, – деді Президент.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау