Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты департаменттің бұрынғы директоры Б.С. Аимбетовке қатысты 1,5 млрд теңге көлеміндегі субсидияны жымқыру фактісі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мәслихаттың бұрынғы депутаты Б.Қ. Әбішевке және өзге адамдарға қатысты тергеу барысында жаңа фактілерді анықтады.
2018-2022 жылдар аралығында Аимбетов пен Әбішевтің Жамбыл және Түркістан облыстарындағы 29 ауылшаруашылық кооперативінің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, жалған құжаттар арқылы элиталық таңқурай көшеттерінің жеткізілгенін көрсетіп, мемлекеттен 1,5 миллиард теңге көлемінде субсидия алғаны белгілі болды.
Тергеу сотының санкциясымен Б.С. Аимбетов екі айға қамауға алынды.
Тергеу жалғасып жатыр.