Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевқа және Ішкі істер министрі Ержан Саденовке қоғамдық қауіпсіздік мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Дабыл қақпасқа амал жоқ. Өткені, ақпарат майданында жеңіліп жатырмыз. Ақпараттық гигиена жоқтың қасы. Әлеуметтік желіні ашсаң, бірін-бірі балағаттаған, жалған қауесет таратып, қан-майдан болып жатқанын көріп отырған шығарсыздар. Бір ғана мысал, мессенджерлерде «тұтастай дербестігімізге қауіп төнді», «референдум өтеді» деген мазмұндағы жалған ақпарат, фейктің өріс алғаны соншалықты, түрлі провокациялық видеолар өріп жүр. Бұл жерде заң диктатурасы нақты жұмыс істеуі қажет. Құқық қорғау, қауіпсіздік органдары қайда қарап отыр? Салалық министрліктердің міндеті – дер кезінде қауесетті жоққа шығарып, күмәнді сайттар мен аккаунттарды қадағалау емес пе? Жүргізіліп жатқан жұмыстар – өте әлсіз, – деді депутат.
Көзге ілінетін ақпараттың 90 пайызы өсек-долбар ғана. Кейбір журналист-блогерлердің кәсібилігіне қарның ашады, елдегі өсек-аяңның жетегінде жүр. Ресми ақпарат жоқ деген жалған ақпарат таратуға рұқсат деген сөз емес. Күдіктіні сот қылмыскер деп таппайынша сырттан үкім кесіп, дербес деректерін, суреттерін жариялай салу, манипуляция, ақпаратты тексермей жариялап жіберу қазір өте белең алып бара жатыр, – деді Мақсат Толықбай.