Қоғам

«Мен сатқынмын ба?». Иманғали Тасмағамбетов өзіне тағылған айыптарға жауап берді

12:40, 30 наурыз 2025 208

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов «Известия» басылымына берген сұхбатынан кейін әлеуметтік желіде «Қазақстан әскері Украинадағы соғысқа жіберіледі екен» деген қауесет тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Осыған байланысты қоғам қайраткері «өз қазағын соғысқа тартып жатыр» деген қасаң әңгімеге шыдай алмайтынын айтып, ашық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz. 

Иманғали Тасмағамбетов бұған дейін өзіне түрлі жала жауып, бос айыптағандардың болғанын, алайда оларды сотқа тартып, есесін ешкімге артпағанын айтты.

Дегенмен сол жалған айыптарға көңіл бөлмедім, сотқа жүгініп, кеткен есемді ешкімге артпадым. Өйткені, атам қазақ айтпақшы «ақтың отын ақымақ өшіре алмайды», қашанда әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көреді деген қағидаға сүйендім. Десе де, «өтірігі шындай, шыны құдай ұрғандай» болған мынау әлеуметтік желіге сенген кейбір адамдар үндемегенді басқа теуіп, табанына тастауға даяр, жағадан алып, жаныштауға құмар екендігіне көзім әбден жетті. Сондықтан да азды-көп абырой, атымды болымсыз ортаның саудасына салмай, барша айып таққыш жаранға бір жауабын берсем деп шештім, – деді Иманғали Тасмағамбетов.

Белгілі саясаткер өзінің «әрбір тасы қазақтың иісі аңқыған Атырауда туып, түшкірсе де баба дәстүрі деп түшкірген» атасының тәрбиесін, көз ашқаннан санасына қазақтың рухын, мәдениеті мен әдебиетін сіңірген, анасының тәлімін алып өскен қазақ екенін атап өтті.

Шыңғыс Айтматов айтқан: «Жеті атасына тамыр жібермеген адам – жетесіз. Оны білмеген жерден әдепсіз қылық пен арам істен жиіркенбеу басталады» деген екен. Қарапайым да, қатал елдік философияны үлкендердің аузынан көп естіп, шыққан тегін, барар жерін, жақын мен жатты айыруды біліп өскендердің қатарынанмын. Ал енді бүгін ше? Туған жеріне салмағы жоқ, жел айдаған дәнсіз қауыз тәрізді кейбір бақытсыз жандар үшін мен ресейшіл, сатқын екенмін. Сонда қалай?! Келісім сөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін отқа, мүдде үшін суға түскенім үшін бе? Егер дәл солай болса онда мен заманында «орысшылсың» деп айыпталған ұлы Абайдың сөзімен қайырайын: «Адамнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұқанменен» дейді. Яғни, жүрегің азаптан жарылайын деп тұрса да қадіріңді білмегеннің алдында еңсеңді түсірме деген. Сондықтан түсінгендерді бағалап, түсінбегендерді саралап өтетін өмір бұл, – деп күйінді ҰҚШҰ басшысы.

Сонымен бірге ол «соғыс атаулының зар заңын» жақсы білетінін, өз еліне бұндай жағдайды тілемейтінін жеткізді.

Мен қолыма қару алып оқ атпасам да, жауынгершілік заманның зардабын, соғыс атаулының зар заңын жақсы білетін, жастайымнан жаным сезетін жандардың бірімін. Өйткені, әкемнің екі ағасы ұлы отан соғысында қаза болған. Қазір адамзат әлемі бұрын-соңды болмаған соғыс қаупінен арылмай тұр. Бұл соғыста жеңімпаз болмайды, бәрі де жеңіледі. Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық, ал өз ұлтына соғыс тілеу қаныпезерлік болар еді, – деді ол.

Бұл ретте мемлекет қайраткері халықты қауесет сөздерге сене бермей, кез келген нәрсеге ақылмен қарауға шақырды.

Осыдан кейін өз қазағын соғысқа тартып жатыр деген қасаң әңгімеге қалай шыдайсың?! Білем, тұтас ойдан оймақтай сөзді жұлып алып, жаранға жар салатындар болған, бола да бермек. Өз тарапымнан халқыма айтарым, ағайын, не нәрсеге де ақылмен қарайық. Ал ақылды сақтайтын мінез деген сауыты бар, сол мінез бұзылмасын. Әрине, әлеуметтік желіде отырып мән-жайды анықтамастан жалған ақпарат тарату өте оңай. Қиыны – ар алдындағы жауап. Әбіш Кекілбаев ағамыз айтпақшы, арлы адам – ең күшті адам. Өйткені ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойынсұнбайд. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, өкінішті болуы мүмкін емес. Менің де өмірімдегі ел-жұртым сеніп, мойныма артқан қай қызмет, қандай жұмыс болсын ұялатын жерім жоқ. Мен үшін халқымыздың мүддесінен биік ешнәрсе болған емес. Бүгін де елден жырақ жүрсем де, туған елдің әрбір жетістігі мен жемісі – мәнді, сағынышы – тәтті. Әрине, мен үшін еліміздің сенімінен шығу жолында мемлекетіміздің мүддесін сыртта сақтап, жүргізудің маңызы өте зор. Оған қоса мұндай мәртебелі міндеттің үдесінен шығуда халқымыздың рухани қолдауы қашан да қымбат.

Сөз соңында ардақты ағайын, Ораза айт құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, ізгі тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман болсын! – деп түйіндеді сөзін Иманғали Тасмағамбетов.

Айта кетсек, Иманғали Тасмағамбетов 2022 жылдың 23 қарашасынан бері Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы қызметін атқарып келеді.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз