Түркістан облысында білім беру саласындағы жүйелі жемқорлық фактісі әшкереленді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Сарыағаш аудандық соты аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшылары Б. Майрихов, Н. Усипбеков, Д. Акатов және 8 бухгалтерге қатысты үкім шығарды. Тергеу мәліметінше, олар нақты жұмыс істемеген адамдардың атына 550 миллион теңге жалақы аудару арқылы мемлекет қаржысын жымқырған.
Сот үкімі бойынша:
-
Д. Акатов пен Б. Майрихов — 7 жылға,
-
Н. Усипбеков — 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бухгалтерлердің кейбірі шартты жазаға, ал өзгелері бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға кесілді. Сонымен қатар, барлығы мемлекеттік және қаржы секторларында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ. Конституция мен ҚПК-ге сәйкес, үкім заңды күшіне енбейінше, айыпталушылар кінәсіз деп саналады.
Антикор ақпаратына сәйкес, бүгінде жемқорлықтың алдын алу үшін бірқатар жаңашылдық енгізілген:
-
Барлық өңірлерде бухгалтерлік жүйелерге бірыңғай техникалық талаптар қойылған.
-
«Бұлтты бухгалтерия» жобасы іске қосылып, деректер қазынашылық жүйелерімен интеграцияланып жатыр.
-
2024 жылдың 1 наурызынан бастап, барлық төлемдер ЖСН мен аты-жөні арқылы автоматты түрде тексеріледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, барлық күмәнді операциялар енді бақылауға алынып, заңсыз төлемдер дер кезінде анықталып отырады.